Созақ ауданының Жуантөбе ауылында тұрғындар үшін жаңа спорт нысаны ашылды. Заманауи кешен ауылдың 80 жылдығына орай пайдалануға беріліп, жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашты.
Салтанатты шараға Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл халқына ізгі тілегін жеткізді. Аудан басшысы кейінгі жылдары елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне бағытталған жұмыстардың қарқын алғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ретте тұрғындардың ауызбіршілігі мен туған жердің дамуына қосқан үлесі ерекше.
Жуантөбеліктердің белсенділігі 2025 жылы да жоғары бағаланған. Ауыл облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында ІІІ орын алып, осы жетістіктің нәтижесінде спорт кешенін салуға облыстық және аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған.
Батырбек Достайұлы көшесінде бой көтерген нысанның құрылысы биыл мамыр айында басталған. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, кешен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.
Нысанның ішінде күрес пен боксқа арналған залдар, жаттығу бөлмесі, медициналық кабинет және жаттықтырушыларға арналған кабинеттер бар. Сонымен қатар спортшыларға қолайлы жағдай жасау үшін жуыну және қосалқы бөлмелер де қарастырылған.
Жаңа кешеннің ашылуы ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беріп, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашады. Мұнда спорттың жекелеген түрлерімен тұрақты шұғылданып, жарыстарға дайындалуға жағдай жасалмақ.
Іс-шара соңында ауылдың Құрметті азаматы Әбдіразақ Сығалаев ақ батасын беріп, жаңа нысанның игілікті бастамаларға қызмет етуіне тілектестік білдірді.


