Жаңа оқу жылының басталуымен балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарға алынады. Мектептердің оқу жылына дайындығын бағалау кезінде эпидемиолог мамандар негізгі талаптардың сақталуын талап етеді.
Шымкент қаласында жалпы білім беретін 285 мектеп бар. Жаңа оқу жылына дайындалуда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы өте маңызды. Сондықтан, барлық мектептерге, медициналық пункттер мен мектеп-интернаттарына мониторинг жүргізіледі. Бұл орайда, басымдық мектеп асханаларында тамақтану сапасына беріледі, дейді санитар дәрігерлер. Олардың айтуынша, жаңа оқу жылына мектеп мәзірі алдын-ала бекітілген. Оны әзірлеу барысында оқушылардың жас ерекшелігі мен тағамның құнары ескерілген.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СЭБ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Рационның барлық алмастырылатын және алмастырылмайтын тағамдық факторлар бойынша теңгерімділігі, оның ішінде: ақуыздар мен аминқышқылдар, тағамдық майлар мен май қышқылдары, көмірсулардың түрлі класы, дәрумендер, минералды тұздар және микроэлементтердің болуы;
Дайын тағамдарда қосылған тұз бен қант мөлшерін шектеуі;
Тағам дайындау кезінде тек йодталған тұз қолданылады.
Жаңа оқу жылы күз маусымында басталады. Дәл осы кезеңде жіті респираторлық вирустық инфекция, тұмау және COVID секілді вирусты аурулардың таралу қаупі артады. Сондықтан, барынша сақтану қажет. Әсіресе, балалардың иммунды жүйесін мықтауымыз керек.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СЭБ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Дене қызуы көтеріліп, мұрны ағып, жөтеліп, түшкіріп жатқан жағдай болса, бірінші кезекте ауырған адамды үйде оқшаулап, медициналық көмекті үйге шақыру керек. Көп адамдар жиналған жерге баруды тоқтатқан жөн деп біз ұсыныс береміз. Мазасызданып ауырған жағдай болса, бетперде киюді ұсынамыз. Өзім ауырсам, басқалар ауырмау керек деген мақсатта. Сонымен қатар, жеке бастың гигиенасы: қолымызды сабынмен жуу, антисептик қолдану, бөлмелерді жүйелі түрде желдету.
Вирусты инфекциялардың ең жиі таралатыны – тұмау. Оның алдын алудың ең тиімді тәсілі – тұмауға қарсы вакцина алу. Әсіресе аурудың асқыну қаупі жоғары адамдар үшін маңызы зор, дейді дәрігер. Биыл тұмауға қарсы иммундау науқаны 23 қыркүйектен басталады.
Нұрай Жылқыбай

