Алматыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен коммуналдық желілерді жаңғыртуға қаржы тарту мәселесі талқыланды. Жиында ұлттық жобаны қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің қатысуын кеңейту жолдары қаралды.
2025–2029 жылдары ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.
Жоба аясында 84 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңарту көзделген. Нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін, ал коммуналдық нысандардағы апат санын 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.
Өңірлердегі жобаларды қаржыландыру өткен жылы басталды. Биыл түрлі қаржы көздерінен кемінде 1,1 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.
Қанат Бозымбаев жоспарланған жұмыстарды толық орындау үшін жобаларды несиелендіруге қатысатын банктер санын көбейту қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдікпен қаржыландыру алу мүмкіндігін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Бұл жұмысты Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі үйлестіреді. Холдинг мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, жобалардың орындалу барысын ай сайын бақылап отыратын жұмыс тобын құрады.
Сонымен қатар 2027 жылы банктердің тікелей несиелендіруі арқылы қаржыландырылатын жобалар тізімі әзірленеді. Онда әр жобаға бөлінетін қаражат, қаржыландыру шарттары және шешім қабылдау мерзімдері көрсетіледі


