Шымкентте ұзындығы 50 шақырым болатын жаңа айналма автожолдың құрылысы басталды. Жобаның басталуына арналған рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Төрт жолақты магистраль халықаралық және республикалық маңызы бар транзиттік көліктердің қала ішіне кірмей, айналма бағыт арқылы жүруіне мүмкіндік береді. Жаңа жол Алматыдан Шымкентке кіретін бағытты Алматы–Термез тасжолы, Солтүстік айналма жол және Ташкент бағытымен байланыстырады.
Жобаның негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, әсіресе ауыр жүк көліктерінің қозғалысын орталық көшелерден бұру. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс барысында заманауи интеллектуалды көлік жүйелері мен қажетті инженерлік желілер орнатылады. Жобаны іске асыру кезеңінде 500-ден астам адам жұмыспен қамтылса, жол пайдалануға берілгеннен кейін нысанды күтіп ұстауға шамамен 100 маман тартылмақ.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жоба Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, айналма жолдың іске қосылуы транзиттік көлік қозғалысын қала сыртындағы бағытқа ауыстырып, жолдарға түсетін салмақты төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа магистральдың айналасындағы аумақтардың экономикалық дамуына мүмкіндік ашылады. Болашақта бұл жерлерде өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандар орналастыруға жағдай жасалмақ.
Жоба өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға да бағытталған. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы туристік нысандарға, соның ішінде таулы аймақтарға жету мүмкіндігі кеңейіп, өңіраралық туризмнің дамуына қосымша серпін береді.
Жаңа айналма жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін Шымкенттің транзиттік әлеуеті артып, қаладағы көлік қозғалысын ұйымдастырудың жаңа мүмкіндіктері қалыптасады.


