Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары аясында Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен шағын құрамда келіссөз өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Германия тарапына шақырғаны және көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Президент Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстардың өзара сенім мен құрметке негізделгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытта қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар, келесі жылы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына назар аударылды. Осы уақыт ішінде мемлекеттер саяси, экономикалық және басқа да салаларда өзара байланысты нығайта түсті.
Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Германия Федералдық Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейтіп, жаңа бағыттарға жол ашады деген сенім білдірді.


