Ұзақ жолда кейде қысқа ғана аялдаманың өзі жолаушы мен жүргізушіге күш жинап, сапарын сергек жалғастыруға мүмкіндік береді.
Жол бойында тынығып, бой жазып алу – заманауи жол инфрақұрылымының маңызды бөлігі.
Осындай мүмкіндік Ұлытау облысындағы «Қарағанды – Жезқазған» автожолының 548-шақырымында қарастырылған. Мұнда жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи санитариялық-гигиеналық торап жұмыс істейді.
Нысанда ерлер мен әйелдерге арналған жеке санитариялық бөлмелер, душ, сондай-ақ демалу және тамақтану орындары бар. Бірнеше сағат көлік жүргізген жолаушылар осы жерде аялдап, тынығып, сапарын әрі қарай жалғастыра алады.
Бүгінде мұндай нысандар республикалық маңызы бар автожолдардың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қазір еліміздің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 180-ге жуық заманауи санитариялық-гигиеналық торап қызмет көрсетеді.
«ҚазАвтоЖол» үшін жол бойындағы сервис – жол сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Өйткені заманауи жол тек тегіс әрі қауіпсіз болумен шектелмейді. Ол сапардың басынан соңына дейін адамға қолайлы жағдай жасауы тиіс.
Осыған байланысты жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Санитариялық тораптар, демалыс алаңдары және басқа да сервистік нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылып, жетілдірілуде.
«Жол азабын жүрген білер» дейді халқымыз. Ал жақсы жол – межелі жерге қауіпсіз әрі жайлы жеткізіп қана қоймай, жолай аялдап, тынығып алуға да мүмкіндік беретін жол.


