Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатыр. Жоба аясында су желілерін бақылау мен есепке алу жүйелерін автоматтандыру көзделген. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Жаңа технологиялар су құбырлары мен жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, судың ағуын жедел анықтауға және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұтынылған су көлемін талдап, коммуналдық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, ұлттық жобаның алғашқы кезеңіне есепке алу құралдарын орнату және жүйелерді автоматтандыру бойынша табиғи монополиялардың 32 субъектісі енгізілген. Олар 25 қаланы қамтып, жалпы құны 54 млрд теңге болатын 32 өтінім берген.
«Цифрлық технологияларды қолдану желілер мен жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, су ағуын жедел анықтауға және апаттық жағдайлардың алдын алуға, суды тұтыну көлемін талдауға, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар тағы 62 су арнасында цифрлық бақылау және автоматтандыру жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.


