Астанада қоғамдық көлікте жүру тарифтерін өзгерту ұсынылды. Жобаға сәйкес, жолақы мөлшері төлем тәсілі мен автобус бағытына қарай белгіленбек.
Электронды төлем кезінде қалалық автобустар мен әлеуметтік маңызы бар тұрақты бағыттарда жол жүру құны 150 теңге болады. Экспресс автобустарда 300 теңге төлеу ұсынылған. Ал қала маңына қатынайтын автобустарда әр шақырым үшін 13 теңге есептеледі.
Қолма-қол төлем жасаған жолаушылар үшін тариф жоғары болады. Қалалық бағыттар мен әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалда жолақы 300 теңге, экспресс автобустарда 400 теңге болып белгіленбек. Қала маңындағы бағыттарда әр шақырым үшін 19 теңге төлеу қарастырылған.
Сондай-ақ электронды төлем жүйесі істен шыққан жағдайда жолаушылар автобуспен тегін қатынай алады.
Әзірге бұл тарифтер жоба ретінде ұсынылған.


