Қазақстанда халыққа ауыз суды қолжетімді бағамен ұсыну үшін мемлекеттік субсидиялау тетігі қолданылады. Оның аясында су жеткізу қызметінің шығыны бюджет есебінен ішінара өтеледі. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Мемлекеттік қолдау тұрғындардың суды толық тарифтік құнынан төмен бағамен пайдалануына мүмкіндік береді. Бөлінген қаражат азаматтарға тікелей берілмейді, су шаруашылығы ұйымдары мен сумен жабдықтау кәсіпорындарына аударылады.
Бақытжан Жүнісбековтің түсіндіруінше, егер бір текше метр судың бекітілген тарифі 500 теңге болса, ал халық үшін төлем 120 теңге көлемінде белгіленсе, қалған 380 теңгені мемлекет субсидиялайды.
«Бұл халық үшін судың бағасын тиісті қызметтің толық тарифінен төмен белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте субсидиялар азаматтарға қолма-қол берілмей, тікелей су шаруашылығы ұйымдары мен сумен жабдықтау кәсіпорындарына аударылады. Мысалы, судың бекітілген тарифі 1 текше метр үшін 500 теңге, ал халық үшін белгіленген төлем мөлшері 120 теңге болса, олардың арасындағы 380 теңге айырмашылық мемлекет есебінен субсидияланады», – деді спикер.
Биыл осы мақсатқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 28 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат халықтың ауыз суға жұмсайтын шығынын азайтуға бағытталған.


