Қазақстанда нефрологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды. Енді бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға емханадан бастап мамандандырылған емге дейінгі медициналық қызметтер бірыңғай тәртіппен көрсетіледі. Қажет болған жағдайда науқастар диализ емін алып, медициналық көрсетілімдер бойынша бүйрек трансплантациясынан өте алады.
Жаңартылған стандарттың негізгі мақсаты – бүйрек ауруларын ерте анықтау, емдеуді уақытылы бастау және пациенттердің медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру.
Бұл мәселелер Ақтауда өткен Орталық Азия нефрологтарының конгресінде талқыланды. Халықаралық жиынға Қазақстан, АҚШ, Италия, Польша, Түркия, Әзербайжан және Беларусь елдерінен 310 маман қатысты. Қатысушылар бүйрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ диализ және трансплантация қызметтерін дамыту жолдарын қарастырды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының басшысы Майра Абдразақтың айтуынша, басты міндеттердің бірі – ауруды бастапқы кезеңде анықтап, емдеу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Осы бағытта мамандандырылған орталықтарды дамытуға және медицина кадрларын даярлауға басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алуда. Ал 2026–2027 оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланған.
Елімізде Республикалық нефрология орталығы және трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда 14 мыңнан астам пациент диализ емін қабылдап жүр.
Медициналық көмектің сапасын арттыруда цифрландырудың да маңызы зор. Қалыптасып жатқан E-Densaulyq жүйесі дәрігерлерге пациенттің медициналық тарихына оның қай өңірде немесе қандай медициналық ұйымда емделгеніне қарамастан қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Конгресс қорытындысы бойынша нефрологиялық қызметті дамытуға арналған салалық бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Құжатта ауруларды ерте диагностикалау, білікті мамандар даярлау және емдеу қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық беру көзделіп отыр.
Бүйрек ауруларын емдеу мәселесі Қазақстан үшін өзекті болып қала береді. Бұған дейінгі мәліметтер бойынша, елде бүйрек қызметінің жеткіліксіздігіне қатысты 5 619 жағдай тіркелген.
Сонымен қатар ағза трансплантациясына мұқтаж азаматтардың саны да назар аударуды қажет етеді. 2026 жылғы мамырдағы дерекке сәйкес, трансплантация кезегінде 4 600-ден астам пациент болған. Олардың 4 102-сі бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда 77 ағза трансплантациясы жасалған.


