Астанада қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушылар үшін жолақы құны өзгереді. 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде тариф 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеріледі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, тарифті қайта қарауға қоғамдық көлік саласындағы шығындардың айтарлықтай өсуі себеп болған. Қолданыстағы тарифтің негізі 2014 жылы белгіленген. Содан бері тасымалдау қызметінің өзіндік құнына әсер ететін бірқатар шығын бірнеше есеге артқан.
Мәселен, дизель отынының литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Жүргізушілердің еңбекақысы да бұрынғы деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бұған қоса, автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектер, дөңгелек пен аккумулятор сатып алу және жаңа көлік құралдарын алу шығындары көбейген.
Әкімдік жүргізген есеп бойынша, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың нақты өзіндік құны қазіргі тарифтен жоғары болып отыр. Тасымалдаушылар соңғы үш жылда қалалық автобус паркін жаңарту үшін 1 127 жаңа көлік сатып алған.
Қала билігі тариф өзгергеннен кейін қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту және маршруттық желіні жетілдіру жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Бұл ретте әлеуметтік санаттарға арналған жеңілдіктер сақталады. Атап айтқанда, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың ата-анасының бірі және саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын сақтайды.
Сонымен қатар Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары үшін де қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі өзгермейді.


