Қазан қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 36-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов бастаған делегация қатысты.
Кездесуде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның прокуратура органдарының басшылары құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Негізгі назар қылмыстық жолмен алынған активтерді анықтау, оларды шетелден қайтару және осы бағыттағы халықаралық байланыстарды жетілдіруге аударылды.
Қатысушылар трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл кезінде мемлекеттер арасындағы құқықтық көмектің тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды. Сонымен қатар халықаралық келісімдерді тәжірибеде қолдану, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру және прокуратура органдары арасындағы ақпарат алмасуды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қазақстан тарапының баяндамасында активтерді қайтару бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері айтылды. Берік Асыловтың мәліметінше, соңғы үш жыл ішінде мемлекетке жалпы көлемі 2,8 млрд АҚШ долларына тең актив қайтарылған.
Қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және басқа да салаларда 466 әлеуметтік әрі коммуналдық нысанның құрылысына қаржы қарастырылған.
Жиын нәтижесінде құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтатын бірқатар құжатқа қол қойылды. Солардың қатарында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім бар.
Кездесу аясында Қазақстан делегациясы Ресей, Беларусь және Қырғызстанның прокуратура органдары өкілдерімен жеке форматта келіссөздер өткізді. Тараптар өзара құқықтық көмек көрсету, ақпарат алмасу және бірлескен жұмыстың өзекті бағыттарын талқылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Беларусь, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің бас прокуратуралары арасында 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламалары бекітілді. Құжаттар прокурорлық қызметтің әртүрлі бағыттары бойынша ортақ іс-шаралар өткізуге және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Қырғызстанның бас прокуратуралары арасында активтерді қайтару мәселесіне арналған серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды. Келісім екі елдің тиісті органдары арасындағы практикалық байланыстарды күшейтіп, активтерді іздеу және қайтару бойынша бірлескен жұмысты жүйелеуге бағытталған.
Осы уағдаластықтар ТМД кеңістігіндегі құқық қорғау органдары арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға және трансұлттық сипаттағы құқық бұзушылықтарға қарсы бірлескен іс-қимылды жетілдіруге бағытталған.


