Шымкентте сұлулық пен өнерді тоғыстырған «Шымкент аруы – 2026» байқауының ақтық кезеңі ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен шара «Түркістан» сарайында өтіп, көрермендерге сән көрсетілімі мен концерттік бағдарламаны ұсынды.
15 жылдан астам тарихы бар жоба бүгінде шаһардағы танымал мәдени бастамалардың біріне айналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау тек сыртқы сұлулықты бағалаумен шектелмейді. Жобаға қатысатын қыздардың шығармашылық қабілетін жетілдіруіне, көпшілік алдында еркін сөйлеуіне және өз мүмкіндігін көрсетуіне жағдай жасау көзделген.
Биылғы кастингке 17-25 жас аралығындағы 115 қыз өтініш білдірген. Іріктеу нәтижесінде олардың арасынан 15 финалист анықталды. Үміткерлерді таңдауда сахна мәдениеті, харизма, вокал, хореография, актерлік шеберлік, сыртқы келбетпен қатар, мақсатқа ұмтылысы да ескерілген.
Байқаудың тұрақты ұйымдастырушысы әрі Sulu Models модельдік агенттігінің директоры Ақжамал Әбілдаева биылғы қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болғанын атап өтті. Оның төрағалығымен тоғыз адамнан құралған қазылар алқасы финалистердің өнерін саралады.
Ақтық сайыс бірнеше бөлімнен тұрды. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, сәнді киім үлгісін көрсетті. Кейін дизайнерлер топтамасымен дефиле жасап, сахнадағы жүріс-тұрысы мен өзіндік ерекшелігін танытты. Ұлттық нақыштағы киімдер көрсетілімі де кештің негізгі бөлімдерінің біріне айналды. Соңғы кезеңде арулар кешкі көйлектермен сахнаға шығып, қазылар алдында өз шеберлігін көрсетті.
Байқаудың қорытындысында бас жүлде иегеріне тәж, лента және дипломмен бірге бағалы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар Шымкент атынан «Қазақстан аруы – 2026» республикалық байқауының финалына қатысу мүмкіндігі беріледі.
Кеш барысында сән көрсетілімдері концерттік нөмірлермен жалғасты. Бағдарламада заманауи өнер элементтері ұлттық мәдениетпен сабақтасып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шымкент аруы» жобасы алдағы уақытта да қала жастарының шығармашылық әлеуетін танытуға арналған алаң ретінде жалғаса береді.


