Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі кезекті жиынында тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелерін қарады. Басқосуда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы атқарылған шаралар, жаңа нысандардың құрылысы және алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева баяндама жасап, соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жүзеге асқан жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, 2024–2026 жылдар аралығында арнаулы қызметтерді қажет ететін азаматтарға арналған бірнеше нысан іске қосылып, қолданыстағы мекемелердің мүмкіндігі ұлғайтылған.
Соның бірі – «№1 стационар жағдайындағы орталық». Аталған мекемеге қосымша 50 адамға есептелген ғимараттың құрылысы аяқталған. Қазір ғимаратты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету кезеңі жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, «Сенім» және «Балауса» орталықтарының жұмысы жолға қойылды. Біріншісі 50 адамға, екіншісі 150 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл мекемелердің ашылуы әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды қамту ауқымын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қаладағы ірі жобалардың қатарында мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының құрылысы бар. Жобаға 14,052 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Нысанды 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Балаларға арналған қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударылды. «Қолдау» балалар орталығын қажетті жабдықтармен жарақтандыруға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған.
Сонымен бірге бұған дейін жалға алынған ғимаратта орналасқан «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жаңа орынға көшірілген. Бұл шешім бюджет қаражатын тиімді пайдалануға әсер етіп, 109,6 млн теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік берген.
Әлеуметтік бейімдеу бағыты бойынша да жаңа жоба әзірленіп жатыр. «Бейімдеу орталығына» қосымша 100 орындық ғимарат тұрғызу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.
Жиынның күн тәртібіне қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметі де енгізілді. Мамандар атқарылған жұмыстар мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты қолға алынған шаралар жөнінде ақпарат берді.
Талқылау соңында Қоғамдық кеңес мүшелері жауапты құрылым өкілдеріне әлеуметтік нысандардың жұмысы, инфрақұрылым және тұрғындарға қызмет көрсету сапасына қатысты сауалдарын жолдады. Сондай-ақ бірқатар ұсыныс айтылып, шешімін күткен мәселелерді кезең-кезеңімен реттеу қажеттігі көтерілді.
Жауапты басқарма басшылары ұсыныстарды назарға алып, тиісті бағыттар бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Алдағы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың қажетті қызметтерге қолжетімділігін кеңейту шаралары жалғаспақ.


