Шымкентте 1 қазан – Қарттар күніне орай егде жастағы тұрғындарға арналған ерекше мәдени шара өтеді. Қаладағы зейнеткерлер кинотеатрда қазақтың танымал фильмдерін тегін тамашалай алады.
Арнайы көрсетілім екі сауда-сауық орталығындағы кинотеатрда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Фиркан-сити» мен «Шымкент-плаза» кинотеатрларында көрермендерге қазақ киносының классикасына айналған «Көксерек», «Тақиялы періште» және «Менің атым – Қожа» фильмдері ұсынылады.
Бұл бастама арқылы қала билігі аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың мерекелік көңіл-күйін көтеруді көздейді.
Айта кетейік, Шымкентте Қарттар күніне арналған іс-шаралар 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді. Мерекелік бағдарлама аясында қарт тұрғындарға түрлі мәдени және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылады.


