Шымкентте өсімдіктер карантині, құрылыс нысандарының қауіпсіздігі және қаланы көгалдандыру мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Жиында ауыл шаруашылығы өнімдерінің фитосанитариялық қауіпсіздігіне қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижесі айтылды. Жыл басынан бері Шымкенттен шетелге шығарылатын карантиндік өнімдердің 328 мың 237 тоннасы зертханалық тексеруден өткен. Оның қорытындысы бойынша 11 889 фитосанитариялық сертификат берілген.
Қалаға сырттан жеткізілетін карантиндік өнімдер де бақылауда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарында зиянды және карантиндік нысандардың таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдануда. Биыл шегірткеге қарсы 1 382 гектар жер химиялық өңдеуден өтті.
Аппараттық кеңесте құрылыс саласындағы бақылау жұмыстары да қаралды. Жаңа Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік құрылыс инспекторлары нысандарды пайдалануға қабылдау процесіне қатысады. Құрылыс жұмыстары рұқсатсыз немесе белгіленген талаптарды бұза отырып жүргізілген жағдайда, тиісті ақпарат уәкілетті органдарға жіберіледі.
2026 жылы есепті кезеңде қала аумағындағы 132 құрылыс нысаны тексерілген. Нәтижесінде 314 әкімшілік хаттама толтырылып, 78,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Заң бұзушылықтардың қатарында рұқсатсыз құрылыс жүргізу, құрылыс сапасы талаптарын сақтамау және үлестік құрылыс саласындағы нормаларды бұзу фактілері бар.
Бұдан бөлек, құрылыс нысандарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімділік талаптарының сақталуына назар аударылмақ.
Кеңесте Шымкенттің жасыл аймақтарын кеңейту жоспары да таныстырылды. Қазіргі таңда «Жасыл белдеу» мекемесіне бекітілген аумақтың жалпы көлемі 8 772,6 гектарды құрайды. Оның 5 307,7 гектары мемлекеттік орман қорына, 3 464,9 гектары жасыл белдеуге жатады.
Биыл сәуір айында Түркістан облысынан мемлекеттік орман қорының 3 578,57 гектар жері мекеме балансына өткізілген.
Қалада көшет отырғызу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2023 жылы 36 гектарға 60 мың көшет отырғызылса, 2024 жылы 186 гектар аумаққа 130 мың көшет егілген. Былтыр 54 гектар жерге 40 мың көшет отырғызылды.
Ал биыл күзгі маусымда 120 гектар аумақты қамтып, 100 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр.
Жиын соңында қала әкімі жауапты басқармаларға карантиндік қауіпсіздік пен құрылыс талаптарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге күзгі көгалдандыру науқанына дайындықты алдын ала ұйымдастырып, көшеттердің сапасы мен отырғызу жұмыстарының нәтижесіне мән беру қажеттігін атап өтті.


