Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізі жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына қаржылай қолдау көрсету бастамасын көтерді. Қайырымдылық шарасы аясында әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы сомасы 815 млн теңге болатын көмек көрсету жоспарланып отыр.
Игі бастамаға Қазақстанның әр өңірінен шыққан бизнес өкілдері болып табылатын Кеңестің 17 мүшесі қатысуда. Олар өз қаражаты есебінен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының мәліметінше, жиналған қаражат делдал ұйымдарға емес, тікелей қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына табысталмақ. Бұл көмек марқұмдардың жақындарының әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге бағытталады.
Кеңес мүшелері бұл бастама арқылы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет еткен әскери қызметшілердің отбасыларына нақты қолдау көрсетуді көздеп отыр. Қайырымдылық қаражатының бөлінуі мен отбасыларға жеткізілуі белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылмақ.
Бастамаға бірнеше өңірдің кәсіпкерлерінің бірлесіп қатысуы қоғамдағы өзара көмек пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын көрсетеді. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін қаржылай қолдау олардың қиын кезеңде жалғыз қалмағанын сезінуге мүмкіндік бермек.


