Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс аясындағы тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта тергеушілер оқиға болған аумақта қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізген. Іс бойынша 30-дан астам әскери қызметшінің түсініктемесі алынған. Сонымен қатар қызметтік құжаттар мен бейнежазбалар тәркіленіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған 12 сараптама тағайындалған.
Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне қатысты талаптардың сақталуы да тексеріліп жатыр. Атап айтқанда, ауа райы жағдайы ескеріліп, оқу-жаттығуға қатысқан жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданғаны зерделенуде.
Алдын ала мәлімет бойынша, қызметтік міндеттеріне тиісті деңгейде қарамаған және қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға жауапты болған бірқатар лауазымды тұлғалардың әрекеттері назарға алынған. Сондай-ақ құтқару жұмыстарын ұйымдастыру кезінде тиісті шаралардың қабылданбағаны да тергеу барысында қарастырылуда.
Тергеу органдары оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процестік шешімдер қабылдайды.
Тергеу нәтижесі бойынша оқиғаның нақты себептері мен оған жауапты тұлғаларға қатысты қосымша ақпарат беріледі.


