15 қазаннан бастап Отбасы банк серіктес құрылыс компанияларынан баспана сатып алатын азаматтарға ипотека рәсімдеу шарттарын жеңілдетті. Енді пәтер құнының 50 пайызын жинаған қазақстандықтар депозит бойынша қажетті бағалау көрсеткішін жинау үшін алты ай күтпей-ақ аралық несие ала алады.
Несие бойынша бастапқы пайыздық мөлшерлеме жылына 8,5 пайызды құрайды. Кейін тұрғын үй заемына ауысқан кезде мөлшерлеме 3,5–5 пайызға дейін төмендейді.
Әзірге жаңа тәртіп банкпен келісім жасаған құрылыс компанияларының тұрғын үйлеріне ғана қолданылады. Бағдарламаның алғашқы серіктесі – BI Group. Сатып алушыларға Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынылды.
Ипотеканы рәсімдеу үшін алдымен пәтерді таңдап, брондау қажет. Одан кейін құрылыс компаниясынан растама алып, банкке жүгіну керек.
Сонымен қатар Отбасы банк көктемде мақұлдау алған «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін баспана іздеу мерзімін 30 желтоқсанға дейін ұзартты.


