Шымкент қаласында мемлекеттік қолдауға ие балаларды анықтау тәртібі өзгерді.
Бұған дейін өтініш берушілердің белгіленген талаптарға сәйкестігін білім беру ұйымдарының өздері анықтайтын. Енді бұл процесс толық автоматтандырылды. Көмек алушылардың талапқа сәйкестігі мемлекеттік ақпараттық жүйе байланысы арқылы тексеріледі. Яғни, қажетті мәліметтер тиісті ақпараттық базадан автоматты түрде алынады. Бұл тұстарды қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов түсіндірді.
«Биылғы жылдан бастап Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтінім беру процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Өтініштер электронды түрде қабылданып, отбасының заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі қаралады. Кейбір азаматшаның үйіндегі жолдасы 3 айда 940 мыңға дейін табыс тапқандығы базадан көрсетіп тұр. Одан бөлек, кейбір мектептерде АСП алу жөнінде жалған құжаттар ұсынғандығы анықталған»,-деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов.
Бас педагог білім беру ұйымдарында оқушылардың әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде бірқатар кемшілікке жол берілгенін айтты. Салдарынан тиісті талаптарға сәйкес келмейтін балаларға бюджет есебінен көмек тағайындалған. Дәл осы жағдай Шымкенттегі оқушылар санының өзге республикалық маңызы бар қалалармен салыстырғанда айтарлықтай артып кетуіне себеп болған. Бүгінде жүйеге жалпы 78 543 өтініш келіп түсіпті. Оның 18 927-сі қаралып жатыр. 9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалған. Ал 50 004 өтінішке қаржылай көмек берілмейді деп шешілген.
«Бас тартулардың басым бөлігі екінші санатқа жататындарға келген. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен санаттағылар. Кейбір азаматтар қаржы жетпегендіктен берілмеуде деп жатыр. Олай емес, қаржы толықтай жеткілікті. Бұл жерде тек заңдылық мәселесі басты рөлде. Заңды түрде алынуы тиіс»,-деп шегеледі Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов.
Қаржылай көмекті тағайындау – мектеп құзырындағы мәселе. Яғни, тікелей білім беру ұйымының директорына жүктелген. Көмек алушыларды анықтау, оларға қаржылық қолдау тағайындау барысына әкімдік араласпайды, деп нақтылады Қуаныш Ысқақов.
Нұрай Жылқыбай


