Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде цифрлық технологияларды қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы шеңберінде саланың негізгі процестерін автоматтандыруға және ауыл шаруашылығы туралы деректерді бір жүйеге біріктіруге бағытталған алты бағыт іске асырылуда.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде Digital Agro бірыңғай цифрлық платформасын қалыптастыру көзделген. Платформа мемлекеттік қолдау шараларынан бастап егістік пен мал шаруашылығын бақылауға дейінгі процестерді цифрлық форматта басқаруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау саласында субсидия алуға арналған «Мемлекеттік агро» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұған дейін ақылы жеке сервистер арқылы көрсетілген бірқатар қызметтерді енді шаруалар тегін пайдалана алады. Қазір жүйеде 209 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.
Мал шаруашылығында да цифрлық бақылау жүйесі енгізілуде. Арнайы ақпараттық жүйелер мен «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы малдың өмірлік циклі, ветеринариялық шаралар және басқа да қажетті мәліметтер тіркеледі.
Өсімдік шаруашылығында егіс науқанын жоспарлау, өнім партияларын есепке алу және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын бақылау үшін жаңа цифрлық құралдар әзірленіп жатыр. Соның ішінде өнімнің өндірушіден элеваторға дейінгі жолын ғарыштық мониторинг арқылы бақылау жүйесі қалыптастырылуда.
Жер ресурстарын басқару бағытында цифрлық карта толық жасақталған. Ал агрохимиялық, геоботаникалық және топырақ зерттеулерін 2029 жылға дейін толық қамту жоспарланып отыр. Жердің тиімді пайдаланылуын бақылау «ЖерИнСпектр» жүйесі арқылы жүргізіледі.
Фермерлік шаруашылықтарда заманауи технологияларды пайдалану да артып келеді. Қазіргі таңда 650-ден астам кәсіпорын цифрлық шешімдерді қолданады. Оның ішінде 200 шаруашылық «смарт-ферма» үлгісіне көшкен. Олардың қатарында 112 сүт фермасы және автоматтандырылған бақылау жүйелері орнатылған 30-дан астам бордақылау алаңы бар.
Саланың әртүрлі бағыттарынан жиналған ақпаратты тиімді пайдалану үшін «Смарт Дата Агро» деректер жиынтығы қалыптастырылуда. Ол ауыл шаруашылығындағы жағдайды жедел талдауға және басқарушылық шешімдерді дерекке сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді.
Жалпы, цифрландыру ауыл шаруашылығындағы есеп жүргізуді жеңілдетіп қана қоймай, жер мен мал ресурстарын тиімді бақылауға, өндіріс процестерін ашық жүргізуге және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.


