Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен негізгі міндеттерге тоқталды.
2026 жылдың 6 айында аудандағы өндірістік алаңдарда жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 894 адам жұмыспен қамтылды.
Ауданда өткен жылы 2 мектеп, 1 оңалту орталығы пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар 150 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана, 1 спорт кешені пайдалануға берілсе, 1 спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Былтыр облыс әкімінің саурандықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Жалпы тұрғындар тарапынан 10 мәселе көтеріліп, бүгінде 5-еуі толық орындалды. 2 мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Ескі Иқан ауылдық округіндегі 15 мың басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңы электр желілерімен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың сұранысы бойынша Шаға ауылдық округінде бір қабатты екі пәтерлі және Шорнақ елді мекенінде 3 қабатты 24 пәтерлі бір тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін табысталады. Бабайқорған мен Игілік елді мекендерінің арасындағы 9 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуде. Кездесуде тұрғындар Оқушылар сарайын салу, ауылдарды табиғи газбен толық қамту, қоғамдық көлік, интернет сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы үшін жеңілдетілген несиеге қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Нұралхан Көшеров әрбір мәселе бойынша жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар баспана алу, жарықтандыру, жол, кәсіп ашу мақсатында жер алу, әлеуметтік қызмет көрсету орталығын салу және инфрақұрылымға қатысты өтініштерін жеткізіп, білім саласына қатысты шағымдарын айтты. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді. Олардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу және азаматтарды жеке қабылдау арқылы халықпен кері байланысты күшейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.


