Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
11 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Самиддин Темиралиев сотталушы Шерхан Аймаханның психологиялық жағдайына қайта сараптама жүргізілмейтінін мәлімдеді. Қайта сараптама тағайындауды бұған дейін оның адвокаты Серік Абдиев сұраған.
Қорғау тарапы Аймахан Нұрай Серікбайды өлтіру кезінде аффект жағдайында болып, өз әрекетін толық түсінбегенін алға тартып отыр. Алайда жүргізілген психологиялық сараптама бұл уәждерді жоққа шығарған.
Судья сонымен қатар сотталушының 13 қаңтарда берген жауаптары жарамсыз деп танылғанын және олардың іс материалдарынан алынып тасталатынын айтты.
Сот отырысында жәбірленушілердің адвокаты сотталушының тергеу барысында оған моральдық және физикалық қысым көрсетілгені туралы сөздерін еске салды. Адвокат Шерхан Аймаханнан бұл жағдайлар туралы тиісті органдарға хабарлаған-хабарламағанын сұрады. Сотталушы полицияға шағымданбағанын айтты.
Мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың отбасы 10 миллиард теңгеден астам өтемақы талап еткен болатын.


