Ақмола облысында екі жұмысшы жабдық ұрлады деген күдікке ілінді. Олардың әрекетінен Бұланды ауданындағы елді мекендердің бірінде ауызсу жүйесінің жұмысы бұзылып, ауыл тұрғындары сусыз қалған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Дизельді генератор 2025 жылы елді мекеннің шетіне орнатылған. Қондырғы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін ұңғымалар мен су желілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне жауап берген.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер бұған дейін нысан аумағында жұмыс істеген. Сондықтан олар генератордың орналасқан жерін және нысанның күзетілу ерекшеліктерін жақсы білген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сәуір айында ер адамдар генераторды ұрлауға келіскен. Олар автокөлік, лебедка және басқа да құралдардың көмегімен құны шамамен 7 млн теңге болатын қондырғыны бөлшектеп, алып кеткен. Генератордың жоғалуынан су жүйесінің жұмысы тоқтаған.
6 мамырда күдіктілердің бірі сыбайласын кәсіпорын аумағына қайта баруға көндірген. Бұл жолы олар дизельді қондырғыға арналған құны 400 мың теңгеден асатын қосалқы бөлшектерді ұрлады деген күдікке ілінді.
Патрульдік полиция қызметкерлері ұрланған жабдықты тауып, тәркіледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда 100 долларға ұрлық жасауға әрекеттенген ер адам сотталғаны туралы жазған едік.


