«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық марафонына қатысуға 1 миллион 374 мың 600 азамат өтінім берген. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, оқыған шығармалары бойынша бейнепікірлерін арнайы платформаға жүктейді.
Жоба жеті бағыт бойынша жүзеге асырылады. Солардың бірі – «Кітап оқитын әулет». Қатысушыларды тіркеу 27 қыркүйекте аяқталған. Тіркелген азаматтардың 68 пайыздан астамы қазақ тіліндегі кітаптарды таңдаса, қалған бөлігі орыс тілінде оқуға ниет білдірген.
Жобаға 681 704 оқушы, 112 988 студент, 156 950 педагог, 40 730 әулет және 86 725 мемлекеттік қызметші тіркелген. Сондай-ақ 67 614 адам зияткерлік бағытты таңдаса, «Parasat» бағытына 3 мыңнан астам азамат қатысады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында марафонның шарттарын түсіндірді.
Оның айтуынша, қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, әр шығарма бойынша бейнепікір жариялауы тиіс. Жиналған ұпайлар негізінде рейтинг жасалып, оқылған кітаптар бойынша зияткерлік викториналар ұйымдастырылады. Қорытынды кезеңде үздік қатысушылар анықталады.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Бірінші орын иегеріне – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге беріледі.
Марафонды үйлестіру үшін әр өңірде сегіз адамнан тұратын жобалық кеңселер құрылған. Олардың құрамына білім, мәдениет, жастар саясаты және ішкі саясат салаларының өкілдері мен кеңсе жетекшісі енген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Воскресенье, 25 октября


