Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты бес лауазымды тұлға ұсталды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұсталғандар қатарында Әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар.
Олар Ақтау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы барысында болған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ІІМ-нің алдын ала нұсқасына сәйкес, оқиға 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым жерде болған. Оқу-жаттығу кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында сарбаздарды теңіз ағысы алып кеткен.
Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.


