Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенімге, ашықтыққа және ортақ мүддеге негізделген ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Президент екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көлік-логистика саласын атады. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық серіктестерімен бірге теміржол, автомобиль жолдары, теңіз порттары, әуе жүк тасымалы және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр.
– Халықаралық серіктестермен бірге теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумға транзиттік бағыттардың өткізу мүмкіндігін арттыруға атсалысып жатқан компаниялардың қатысып отырғанын жеткізді. Оның мәліметінше, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Президент бұл көрсеткіш Қазақстанның халықаралық логистика жүйесіндегі рөлін одан әрі арттыратынын атап өтті.
– Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақтылана түсті. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба.
Мультимодальді жүк тасымалын дамытуға ерекше мән береміз. Alatau Air Cargo ұлттық авиа жүк жеткізуші компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo секілді әлемнің жүк таситын ірі әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы жолаушылар бағдары Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.


