Қазақстандық балуан Юсуф Ашрапов 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан жарыста ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды.
Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының қоржынына 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айбек Айтбеков те алтын медаль салған болатын. Ол жартылай финалда украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен ұтса, финалда Әзербайжан балуаны Эльмир Алиевтен 13:4 есебімен басым түсті.
Қазір әлем чемпионатында Қазақстанның тағы екі балуаны жүлдеге таласып жатыр.
87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдахин ресейлік қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Алтын медаль үшін ол Иран өкілі Ясин Әли Яздиімен белдеседі.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жохар Узaров жартылай финалда жеңіліс тапқаннан кейін қола медаль үшін күреседі.


