Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-медициналық бөлімшелерін мамандармен қамтамасыз ету үшін 200-ден астам болашақ дәрігер білім алып жатыр. Олар еліміздегі және шетелдегі медициналық жоғары оқу орындарында оқиды. 2027 жылы бакалавриат, интернатура және резидентура бағдарламаларын аяқтаған шамамен 40 түлек әскери-медициналық бөлімшелерде қызметке кіріседі.
Болашақ әскери дәрігерлердің басым бөлігі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алады. Мұнда 150-ден астам курсант медициналық бағыт бойынша әскери дайындықтан өтуде. Олардың 80-нен астамы – қыздар. Медициналық пәндер Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқытылады. Курсанттардың барлығы толық мемлекеттік қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар 50-ден астам студент Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Әскерге қажетті мамандар арнайы грантпен оқытылады
Қорғаныс министрлігінің сұранысына сәйкес, тар бейінді дәрігерлерді даярлауға арнайы гранттар бөлінген. Олар Астана медицина университеті мен С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің резидентурасында білім алуға мүмкіндік береді.
Болашақ әскери дәрігерлер хирургия, анестезиология және реаниматология, терапия, рентгенология, сондай-ақ клиникалық зертханалық диагностика бағыттарын меңгеріп жатыр.
Қарулы күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина қызметінің полковнигі Берік Ильясовтың айтуынша, әскери-медициналық мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған жас мамандарды даярлау бағдарламасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазір осы бағдарлама аясында 16 адам білім алуда. Оқуын аяқтаған соң олар әскери бөлімшелерде қызмет етеді.
Резидентура шығындарын Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп өтейді. Мақсатты гранттар әскери бөлімдер мен медициналық мекемелерде тапшы мамандықтар бойынша дәрігер даярлауға бағытталған.


