Қазақстанда көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын камералар тағы төрт ақылы жол учаскесінде іске қосылды. 13 қазаннан бастап жүйе жаңа бағыттарда жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркей бастады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
Енді орташа жылдамдықты бақылау жүйесі мына бағыттарда жұмыс істейді:
- Орал – Ресей шекарасы (Самара);
- Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);
- Қостанай – Денисовка;
- Қандыағаш – Мақат.
Осы учаскелерде бақылау аркаларының арақашықтығы өлшеніп, құрылғылар қажетті сертификаттаудан өткен. Нәтижесінде жүйемен қамтылған жол учаскелерінің саны 11-ден 15-ке дейін артты.
Жүйе жылдамдықты қалай анықтайды?
Камералар көліктің бақылау аркалары арқылы өткен уақытын тіркейді. Содан кейін жүріп өткен қашықтық пен уақыт есептеліп, көліктің орташа жылдамдығы анықталады. Сондықтан камераның алдына келгенде жылдамдықты төмендету жеткіліксіз. Егер жүргізуші бақылаудағы жол бөлігінде белгіленген межеден жоғары жылдамдықпен жүрсе, жүйе заңбұзушылықты тіркейді.
Тіркелген мәліметтер Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің өңдеу орталығына жіберіледі.
«ҚазАвтоЖол» дерегінше, 2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың жағдайы анықталған. Бұған қоса, жылдамдықты тікелей өлшеу арқылы тағы 163,5 мың заңбұзушылық тіркелген. Осылайша, анықталған жағдайлардың жалпы саны 713 мыңнан асқан.


