Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұмыссыз азаматтарды және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 35 мыңнан астам адамды қамтитын жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмыспен қамту жоспарының орындалу нәтижелерін таныстырды.
Бүгінде олардың 8,4 мыңы жұмысқа орналасып, 12 мыңға жуық азамат жұмыссыздар есебінен шығарылған.
Жиынды қорытындылаған Аида Балаева жұмыссыз азаматтармен және NEET санатындағы жастармен жүргізілетін нысаналы жұмысты күшейтіп, оларды жұмысқа орналасқанға дейін тұрақты түрде сүйемелдеуді тапсырды. Педагогтер мен медицина қызметкерлерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша да жеке тапсырмалар берілді. Салалық мемлекеттік органдарға аталған мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін қосымша тетіктерді әзірлеу міндеті жүктелді.


