Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы алты жастағы баланың ата-анасының шағымынан кейін қызметтік тексеруді бастады.
Ата-анасының айтуынша, олардың ұлы облыстық балалар клиникалық ауруханасында қан құю кезінде С гепатитін жұқтырған. Бұл туралы ата-анасы КТК телеарнасы арқылы шағымданған болатын.
Баланың әкесінің сөзінше, ұлы мұрыннан қан кетуіне байланысты ауруханаға жеткізілген. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер оған сирек кездесетін аутоиммундық ауру – иммундық тромбоцитопения диагнозын қойып, қан құю процедурасын жүргізген.
Кейін бала емін жалғастыру үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберілген. Сол жерде жүргізілген ПТР-тест оның ағзасында С гепатиті бар екенін көрсеткен.
Ата-анасы баланың инфекцияны ауруханада қан құю кезінде жұқтырғанына сенімді. Ал Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.


