Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып келеді. Қазір екі ел жалпы құны 52,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 177 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумында айтылды.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков «Өнеркәсіптік кооперация – Қазақстан мен Ресейдің орнықты дамуының факторы» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты.
Жиында екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы, инвестициялық жобалар, инвесторларды мемлекеттік қолдау тетіктері және өндірістік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды.
Вице-министрдің айтуынша, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ең ірі үш елдің қатарында. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейден тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құраған. Ал 2005 жылдан бері Ресейден келген инвестицияның жалпы көлемі 29 млрд долларға жеткен.
Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперация қоржынында 177 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 52,7 млрд АҚШ долларын құрайды және 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде жалпы құны 22,4 млрд долларды құрайтын 122 жоба іске асырылған.
Форум барысында инвесторларды қолдаудың қолданыстағы шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктері сөз болды.


