«Болашақ ойындары – 2026» турнирі аясында жарыстар 8 дисциплина бойынша өтеді: фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds.
Барлық жарыстар елордадағы төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады: «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, BEELINE Arena Ұлттық теннис орталығында және «Барыс Аренада». ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев бүгінде спорт нысандары жарыстарды қабылдауға толықтай дайын екенін атап өтті.
«Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарының әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан жүлде қоры қарастырылған», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.


