Астанада саябақта жас қызға шабуыл жасады деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 29 шілде күні таңертең болған. Зардап шеккен қыздың туыстарының айтуынша, белгісіз ер адам оған саябақта артынан келіп шабуыл жасап, күш қолданбақ болған. Қыз қарсылық көрсетіп, қатты айқайлағаннан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші күдіктінің видеосын түсіріп үлгеріп, болған оқиға бойынша полицияға арызданған.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат бұған дейін ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта іс материалдары соттың қарауына жолданды.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.


