Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын талқылап, әкімдерге жөндеу жұмыстарын жедел аяқтап, әлеуметтік нысандарға жылуды уақытылы қосуды тапсырды.
Үкімет басшысы ең алдымен балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ жылыту маусымын белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажеттігін ескертті.
«Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі тиіс. Жылыту маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең – соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек», – деді Олжас Бектенов.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу беру басталған. Апта соңына дейін еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінде де жылу жүйелерін іске қосу жоспарланып отыр.
Алдағы қысқа дайындық аясында энергетикалық нысандарға қажетті отын қоры жасақталған. Атап айтқанда, 4,9 миллион тонна көмір және 127 мың тонна мазут дайындалды. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісінде жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Төрт қосалқы стансадағы жұмыстар да мәресіне жақындап қалды.
Жылу желілерінің жалпы дайындығы 99 пайызға жеткен. Жоспарланған 377 шақырым желінің 374 шақырымы жөнделіп, пайдалануға әзірленген.
Сонымен қатар Семей қаласындағы дайындық жұмыстары ерекше бақылауға алынған. Қалада жоспарланған жұмыстардың орындалу деңгейі 82 пайызды құрайды.
Жылыту маусымына дайындық барысын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Воскресенье, 25 октября


