Қазақстанда биылғы егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 13,5 млн гектар алқаптан астық жиналып, жалпы егіс көлемінің 83 пайызы қамтылды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, ел бойынша 19,9 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы науқан өткен жылмен салыстырғанда жылдамырақ жүргізілуде. Еліміздегі жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 15,6 млн гектардан астам жерге дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген.
Ауыл шаруашылығы саласындағы егіс құрылымында да өзгерістер бар. Бидай алқаптарының қысқаруына байланысты дәнді дақылдардың үлесі 72 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеген. Ал майлы дақылдар егістігі кеңейіп, олардың жалпы егіс көлеміндегі үлесі 13 пайыздан 18 пайызға дейін өскен.
2024 жылдан бері майлы дақылдар алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайды. Сонымен қатар соңғы екі жылда жүгеріні өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 120 мың гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда майлы дақылдар 5,2 млн гектар аумақты алып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жиналған астық көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Бұл ішкі нарықты астықпен, жем-шөппен және тұқыммен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасуда. Бүгінгі таңда 2,4 млн гектар алқаптан өнім жиналып, 2,4 млн тонна тұқым бастырылған. Науқан қорытындысы бойынша 5 млн тоннадан астам майлы дақыл өнімі алынады деп болжанып отыр.
Бұдан бөлек, елімізде 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша өнімі және 2,5 млн тонна картоп жиналған.
Мақта шаруашылығында да оң көрсеткіштер тіркелді. Орташа өнімділік гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шикізат жиналды. Соңғы екі жылда тамшылатып суару жүйесі қолданылатын алқаптардың көлемі 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайған.
Өңірлер бойынша Батыс Қазақстан облысында астық жинау толығымен аяқталды. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында егін жинау жұмыстарының 95 пайыздан астамы орындалған.
Воскресенье, 25 октября


