Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту үшін коммуналдық кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Биыл кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 5 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл тетік коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық жүктемесін азайтып, инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті қаражат тартуға мүмкіндік береді. Бөлінген қолдау тозған құбырларды ауыстыруға, су жүйелерінің сенімділігін арттыруға және апаттардың санын азайтуға бағытталған.
«Бұл тетіктің негізгі мақсаты – су арналарына түсетін қаржылық жүктемені азайту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін кредит қаражатын тартуға жағдай жасау. Бұл кәсіпорындарға тозған желілерді ауыстыру, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сенімділігін арттыру, сондай-ақ апаттар санын азайту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарыз қаражатына қызмет көрсету шығындарының бір бөлігін өз мойнына алып, саланы жаңғыртуға қолдау көрсетеді, ал кәсіпорындар тартылған қаражатты инфрақұрылымды жаңартуға бағыттайды», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Сонымен қатар мемлекет коммуналдық қызмет ақысын төлеуде қиындық көретін азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетеді. Өңірлік мәслихаттар отбасы табысының 5%-ынан 10%-ына дейінгі бөлігін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсаудың шекті мөлшері ретінде белгілейді.
«Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 400 млн теңге көлемінде төлем жасалды. Аталған қолдау тетігімен 8 мың алушы қамтылды», – деді комитет төрағасы.


