Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылып, зиялы қауым мен жастар шығарманы кеңінен талқылады. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы модераторлық етті.
Мемлекет басшысының бұл еңбегі оның 30 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан саяси және азаматтық ұстанымын, мемлекетті басқару тәжірибесін, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға қатысты пайымын біріктірген жинақ. Оған әр жылдары БАҚ-та жарық көрген мақалалары, баяндамалары мен автордың өз кітаптарындағы жеке ой-тұжырымы енген.
МҰХТАР ТӨЛЕГЕН – М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОР
«Президентіміз айтып отыр. білім мен тәрбие егіз ұғым. Олар бір-бірінен ажыраса береке де, үйлесілімдік те болмайды. Сондықтан да біз барынша осы кітаптың ішінен президентіміздің жүріп өткен өмір жолында қалыптастырған тәжірибесінен алынған өмір сипатынан алынған осы қанатты сөздердің әрқайсысы маңызды деп ойлаймыз»
Жиын барысында қатысушылар жинақтың мазмұнын талқылап, елдің болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл және жастар тәрбиесі мәселелеріне тоқталды. Әсіресе, қазіргі ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілер дәуірінде сөз мәдениеті мен айтылған пікірге деген жауапкершіліктің басым екені айтылды.
МЕРЕЙ АСҚАР – ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Кітаптан түйетін нәрсе көп оқимын деген азаматқа. 21 тармақтың әрбір жолдарында патриоттықты насихаттайтын, рухты көтеретін және де шынайы еңбек жолында еңбегіңді адал атқаруға үгіттейтін кітап деп өзіме ой түйдім.»
Кездесу соңында қатысушылар кітапта көтерілген өзекті ойды көптеген орталарда насихаттау керектігін де айтты. Өйткені жастар арасында қоғамдық жауапкершілікті, заңды ұстану мәдениетін қалыптастыру ауадай қажет десті.
Дәл осындай басқосу ПРЕЗИДЕНТ КІТАБЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ БАҒДАРЫ деген тақырыпта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде де өтті. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қауым, студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты. «Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы». Мемлекет басшысының осы сөзі талқылаудың негізіне айналды.
21 тақырыптық бөлімнен тұратын еңбекте заң мен тәртіп, әділеттілік, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар, цифрландыру және қоғамдық жауапкершілік секілді маңызды мәселелер кеңінен қамтылған. Іс-шара барысында оқытушылар кітаптың қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызына тоқталып, өз ой-пікірлерін білдірді. Жиын соңында кітап оқу мәдениетін дамытуға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген студент жастар алғыс хатпен марапатталды.

