Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасында тағы бір жаңа өңір пайда болуы мүмкін. Бұл туралы tugyr.kzz — ақпараттық порталы өзінің әлеуметтік парақшасында жариялады.
Желіде және сарапшылар арасында Оңтүстік Қазақстан облысын қайта құру және оның орталығы ретінде Сарыағаш қаласын белгілеу туралы ұсыныстар мен ақпараттар белсенді талқыға түсуде. Егер бұл бастама жүзеге асса, жаңа облыстың құрамына Түркістан облысының бірқатар тығыз қоныстанған аудандары кіреді деп күтілуде.
Реформаның негізгі себебі 2018 жылғы өзгерістермен байланысты. Сонда Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, облыс орталығы Түркістанға көшірілген болатын. Алайда, Түркістан облысының географиялық ауқымы мен халық санының тығыздығы басқару жүйесін оңтайландыру қажеттілігін тудырып отыр. Жаңадан құрылуы мүмкін облыстың орталығы ретінде Сарыағаштың таңдалуы кездейсоқ емес. Сарыағаш ауданы — еліміздегі ең халқы көп, демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі. Сонымен қатар, Өзбекстанмен шекаралас жатқан бұл өңір транзиттік және логистикалық тұрғыдан өте тиімді нүктеде орналасқан әрі мұнда шипажайлық-туристік кластер, жылыжай шаруашылығы мен шекара маңындағы сауда-саттық жақсы дамыған.


