Қасқыр болғым келеді. Осылай деген кішкентай қошқар өзге жануарлардан ерекше болуды армандайды. Жас көрерменнің кеуілінен шыққан осы қойылым — Шымкент қуыршақ театрының 43-ші маусымының қорытындысы.
2025–2026 жылдардағы 43-театр маусымы Шымкент қалалық қуыршақ театры үшін шығармашылық жетістіктер мен жарқын оқиғаларға толы кезең болды. Маусым барысында театр ұжымы қазақ және орыс тілдерінде 300-ден астам спектакль ұсынып, 40 мыңға жуық көрерменді қамтыды.
Сонымен қатар, театр репертуары жаңа туындылармен толықты. Маусым ішінде көрермен назарына 5 жаңа спектакльдің премьерасы ұсынылып, бүлдіршіндер мен ата-аналардың ыстық ықыласына бөленді.
2025 жылдың қыркүйек айында театр ұжымы Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» жылы аясында өткен І Халықаралық «NOMAD PUPPET AKTAU» қуыршақ театрлары фестиваліне Әлібек Файзуллаұлының «Керқұла атты Кендебай» қойылымымен қатысып, «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясын иеленді. Бұл жетістік ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі театр ұжымының шығармашылық ізденісін айқындады.
Сондай-ақ, 2026 жылдың маусым айында театр ұжымы Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында өткен халықаралық «Гүлдер фестивалі» аясындағы «Puppet Show» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, қазақ қуыршақ өнерін халықаралық деңгейде таныстырды. Шығармашылық сапар қорытындысы бойынша Наманган облысы әкімдігі алғыс хатымен және фестивальді ұйымдастырушы облыстық қуыршақ театрының арнайы дипломымен марапатталды. Бұл сапар халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және шығармашылық тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді.
Театр гастрольдік сапарларды да табысты жүзеге асырды. 2025 жылдың қазан айында Қызылорда қаласына, ал 2026 жылдың маусым айында Өзбекстан Республикасына гастрольдік сапармен барып, жергілікті көрермендерге өз өнерлерін паш етті.
43-маусымның жабылу рәсімінде театр өнерінің тәрбиелік маңызы, ертегінің ғажайып әлемі және көрермен мен театр арасындағы ерекше рухани байланыс көркем түрде көрініс табады. Кейіпкерлердің айтуынша, театр шымылдығы уақытша жабылғанымен, ертегі ешқашан аяқталмайды, ал өнердің шамы мәңгі сөнбейді.
