Түркістан облысында Бұхар бұғысы көбейіп келеді. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мекемесінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында журналистер Сырдария маңындағы тұқымбақта күтімге алынған бұхар бұғыларының жай-күйімен танысты.
Бұхар бұғыларын сақтау және көбейту мақсатында 1999 жылы Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен Түркістан орман шаруашылығы мекемесінің Қызылшаруа орманшылығы аумағында арнайы тұқымбақ құрылды. Бүгінде тұқымбақтың аумағы 22 гектарды құрайды. Биіктігі 3 метрлік темір тормен қоршалған. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғы бағушыларға пайдалануға берілген. Аумағын күзетуге және бақылап отыру үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
Түркістан қаласының 1500 жылдығына сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны бүгінде 319-ға жетті. Оның 41-і «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақта көбейіп жатыр. Қалғандарын Шөгірлі тұқымбағына жерсіндіріліп, сондай-ақ Сырдария өзенінің бойындағы тоғайға еркіндікке жіберілген. Қызыл кітапқа енген жануарлардың жыл санап көбейіп келе жатқаны бұл табиғат жанашырларының ширек ғасырлық еңбегінің нәтижесі.
Инспекторлардың айтуынша, Бұхар бұғыларының бас санының түгелділігі мекеме қызметкерлері тарапынан тұрақты қатаң қадағалануда. Өсіп-өнуіне бақылау жасау мақсатында, Бұхар бұғылардың тіршілігі, фототұтқыштар мен фотоаппараттар арқылы суреттерге түсірілуде. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бұғыларды күтіп-баптау, жем-шөбін жеткізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тағы басқа да қежетті қолдау көрсетілуде.
Баспасөз туры аясында журналистер қырғауыл тұқымбағының тыныс-тіршілігімен де танысты.
Қызылшаруа орманшылығы аумағында Сырдария қырғауылын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатт ерекше қорғалатын табиғи аумақтың №21 орамында 2017 жылы жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын қырғауыл тұқымбағы пайдалануға берілді. Бүгінде мұнда 1 құсшы және 2 құсшы көмекшісі жұмыс істейді. Тұқымбақта 2012 бас Сырдария қырғауыл құсы күтіп бапталуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


