Биылғы Қала күні шымкенттіктер үшін көңіл көтеретін ән мен күй мерекесі ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын беретін жаңа жобалардың, кәсіпорындардың ашылуымен де есте қалғалы тұр. Бүгін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Shymkent Qagazy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макулатураны қайта өңдеу және картон қаптама өндіру зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Бұл – мегаполистің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба.
Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Қала күні аясында пайдалануға берілген бұл нысан шымкенттіктерге жасалған ерекше тарту әрі қаланың тұрақты дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Жоба қолданыстағы кәсіпорынды кеңейту аясында жүзеге асырылып отыр. Жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, өндірістік желілер іске қосылған. Кәсіпорынға заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, қайталама шикізатты өңдеудің озық әдістері енгізілген.
Жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары. Кәсіпорын құрылтайшысы Жарас Ертаевтың айтуынша, өндірістің іске қосылуы нәтижесінде 50 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндіріс орнының айналасында шикізат жинау, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету және логистика бағыттарында қосымша жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – оның экологиялық тиімділігі. Қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды. Макулатураны қайта пайдалану табиғи ресурстарды үнемдеуге, ағаш қорын сақтауға және қалдықтардың полигондарға жіберілу көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – бүгінгі таңда әлемдік деңгейде өзекті болып отырған «жасыл экономика» қағидаттарына толық сәйкес келетін бастама.
Қала күні мерекесінде ашылған бұл кәсіпорын – Шымкенттің экономикалық қуатының артып келе жатқанын көрсететін нақты мысал. Соңғы жылдары мегаполисте өндіріс орындары көбейіп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде қала экономикасы әртараптанып, өнеркәсіп саласының үлесі артып келеді.
«Shymkent Qagazy» зауытының іске қосылуы – тек жаңа өндіріс орнының ашылуы ғана емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, экологиялық қауіпсіздік, отандық өндірісті қолдау және өңірлік экономиканың тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам. Қала күніне орай пайдалануға берілген бұл нысан шымкенттіктерге жасалған нақты сый әрі мегаполистің жарқын болашағына салынған инвестиция деуге толық негіз бар.


