Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті.
Жиында жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту, отбасы институтын қолдау және әлеуметтік бағыттағы бастамаларды жетілдіру мәселелері қаралды. Кездесу барысында психологиялық бағыттағы қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру, осал топтағы әйелдерді кәсіпке бейімдеу, тарихи тұлғаларды жаңа медиа арқылы жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ ата-аналардың мектеп өміріне белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстар талқыланды.
Сондай-ақ, Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстары сараланды. Бүгінде қалада 14–35 жас аралығындағы 78 563 жас тұрады, бұл жалпы халық санының 31 пайызын құрайды. Жыл басынан бері әскери-патриоттық тәрбие бағытында 4 620 жасты қамтыған 50 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, «Әжелер алқасының» қатысуымен отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені дәріптеуге арналған кездесулер ұйымдастырылып, 1 272 жастың қатысуымен 30 еріктілік акциясы жүзеге асырылды. Ал «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1 565 жастың қатысуымен 14 сенбілік өткізілді.
Жиын қорытындысында комиссия мүшелері жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.
Share.
Exit mobile version