Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер саны шамамен 9 есеге артты.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова жылдан жылға ерекше қажеттіліктері бар талапкерлердің саны артып отырғанын атап өтті. Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800-ге жуық талапкер өтініш беріпті.
«ҰБТ тапсыру кезінде олар үшін қолдау механизмдері қарастырылған. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы мұндай талапкерлердің саны небәрі 90 болған. Демек, 5 жылда мұндай тұлғалар үшін жоғары білімге қолжетімділік 9 есеге артты», — деді спикер.
Айта кетейік, биыл негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысты. ҰБТ-ға қатысқан талапкерлердің шамамен 76%-ы шекті балл жинады. Орташа балл – 69. Қатысушылардың басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде тапсырды – 73%. Орыс тілінде талапкерлердің шамамен 27%-ы, ал 383 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Биыл да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика – Физика». Бұл комбинацияны талапкерлердің 18%-ы таңдады. Одан кейін «Биология – Химия» (14%-дан артық) және «Шығармашылық емтихан» (12%) комбинациялары орналасқан.
