Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Қазақ киносына тағы бір жаңа комедия қосылды. «Шаншар» әзіл-сықақ театрының танымал актері Жүсіп Ақшора бұл фильмде алғаш рет толықметражды киноның бас кейіпкерін сомдапты. Ал картинаны 16 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көруге болады.

Көрерменді күлдіре отырып, ой салатын «Сансыз Бай» сатиралық комедиясы небәрі 12 күннің ішінде түсірілген. Ең қызығы – фильмнің барлық эпизодтары бір ғана локацияда таспаланыпты. Туынды француз комедиясының желісі негізінде түсіріліп, қазақы салт-дәстүр мен ұлттық болмысқа бейімделген. Фильмнің сәтті шығуына басты кейіпкердің үлесі басым екенін бірден байқайсыз. Жүсіп Ақшора түсіру барысында жарақат алып қалса да, жұмысын соңына дейін жалғастырған.

Режиссер Айбектен ұсыныс түсті. Осы рөлді маған ұсынғаннан кейін, сценарийді оқып шықтым. Ұнады, келісім бердім,-дейді театр және кино актері, сатирик Жүсіп Ақшора. 

Фильмде ашкөздік, дарақылық, отбасылық құндылықтар және әртүрлі буын өкілдерінің көзқарасындағы қайшылықтар әзілмен әдемі ашылған. Режиссердің айтуынша, туындының форматы мен стилін басқа фильмдерге ұқсатпауға ерекше мән берілген.

Кастинг Алматыда өтті. Көптеген актерлерді қарадық. Актерлерді қатаң түрде таңдауға тоқталдық. 7 актерді Алматыдағы театрлардан қарастырып, кәсіби емес актерлер мен актрисаларды да алдық. Ең қызығы, актерлік құрамның 80 пайызы Шымкенттен болып шықты,-дейді режиссер Айбек Нығмет.

Фильмнің сюжеті ірі шаруа қожалығының ауқатты иесі Сансызбай Дәуқараевтың өміріндегі күтпеген оқиғадан өрбиді. Қожалық есепшісі Арнат жалақысын 200 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін көтеруді талап етеді. Себебі байлыққа үйренген сүйіктісіне үйленгісі келеді. Оқиға желісі күлкілі де қызықты сәттерге ұласып, көрерменді ойландыратын тұстарға жалғасады. Түсіру тобы жаңа комедия көрерменнің көңілінен шығып оң бағасын алады деген сенімде.

 

Нұрай Жылқыбай

Share.
Exit mobile version