Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Бір күнде жүз жоба, жүз үміткер. Шымкентте мемлекеттің қайтарымсыз грантынан үмітті жандар комиссия алдында барын салуда.  Бұл толқыныстың нүктесі ертең таңертең қойылады, жеңімпаздардың есімі ресми сайтта жарияланбақ. Жолы болғандардың арасынан болашақта елге танымал кәсіпкерлер шығуы да әбден мүмкін.

Биыл қаламызда 400 адамға 1 миллион 730 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Алғашқы лекте бақ сынайтын 435 үміткердің жобасы 4 күн ішінде қаралады. Комиссия мүшелері күніне 100 адамды қабылдап жатыр. Алғашқы күннің нәтижесі белгілі болды.

Жобасын қорғап шыққандардың арасында дәстүрлі кәсіптен бөлек, инновациялық бағытты таңдағандар бар. Олардың бірі — Эльмира Қошқарбекова. Ол балалардың смартфонға тәуелділігін азайтып, зейінін жақсартатын құрылғыны ойластырған. Жаңалығын комиссияға егжей-тегжей таныстырды.

«Қазір балалар смартфонға тәуелді болғандықтан, оларда есте сақтау қабілеті төмендеп жатыр. Біз ұсынған құрылғы баланың басына кигізу арқылы жұмыс істейді. Ол мидың оң жақ бөлігінің дамуына әсер етіп, жұмысты 50 пайызға жеңілдетеді. Бұл мұғалімдерге де, ата-аналарға да тиімді»,-дейді жоба қорғаушы Эльмира Сәтбайқызы.

Ал бұл жолы грант ала алмаған азаматтарға әлі де мүмкіндік бар. Қайтарымсыз қаржының екінші легі күзде, қыркүйек-қазан айларында басталады. Құжат қабылдау мерзімі туралы ақпарат 10 күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланады.

 

Ақерке Берекешова

 

Share.
Exit mobile version