Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Шымкент қаласында 2026 жылы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибековтің мәліметінше, ТМККК аясында 61 451 тұрғын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 23 101-і – балалар.
Ал МӘМС жүйесі аясында 526 413 ересек және 10 427 бала қажетті дәрілік заттармен қамтылды.
Басқарма басшысы мемлекет әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтардың МӘМС жарналарын бюджет қаражаты есебінен төлейтінін атап өтті. Бұл санатқа балалар, ресми тіркелген жұмыссыздар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін ата-аналардың бірі, бала күтіміне байланысты демалыста жүрген азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар баланы күтетін жұмыс істемейтін азаматтар, күндізгі бөлім студенттері, интернат ұйымдарындағы балалар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар, тергеу изоляторларында отырған азаматтар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар кіреді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жағдайы дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейде бағаланған азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді.
Осылайша, еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтар МӘМС жарналарын өздері немесе жұмыс беруші арқылы төлесе, әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санаттағы азаматтар үшін жарналар мемлекет есебінен төленеді.
Share.
Exit mobile version