16–20 шілде аралығында еліміздің бірқатар өңірлерінде ауа температурасы көтеріледі.
Синоптиктердің болжамынша, кей өңірлерде ауа температурасы +48 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасы мәлімдеді.
Қазірдің өзінде Түркістан және Қызылорда облыстарында күндізгі ауа температурасы +43…+45 градусқа дейін жетті.
Алматыда ауа температурасы +42°C-қа дейін көтеріледі. Бұл – алматылықтар үшін биылғы жылдың алғашқы +40 градустан асатын аптап ыстығы. Осыған байланысты қалада қосымша салқындату шаралары күшейтілді. Ең ыстық уақытта 16 арнайы техника негізгі көшелерде жол жабынын суарып, ауаға су бүркеді. Жұмыстар 128-ден астам көшеде жүргізіледі. Сонымен қатар жолдар, тротуарлар, аялдамалар мен басқа да қалалық нысандарды жуу жұмыстары жалғасады. Бұл іске 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
Астанада күн +30…+33° болады, кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Шымкентте аптап ыстық сақталады – ауа температурасы +40…+48°-қа дейін көтеріледі. Мұндай аптап ыстық 18 шілдеге дейін сақталады.
Батыс Қазақстанда, керісінше, күн сәл салқындап, күндізгі ауа температурасы +23…+31 градус аралығында болады.
