Бүгін Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров мерейлі 80 жасқа толды. Премьер-министр Олжас Бектенов мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Тоқтар Әубәкіровтің отандық авиация мен ғарыш саласын дамытуға, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға, сондай-ақ көпжылдық қоғамдық және мемлекеттік қызметіне қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысындағы Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Бала кезінен авиацияға қызығып, әуе клубында шұғылданды, алғашқы парашютпен секірулерін сол жерде орындады. 1988 жылы ол Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құю арқылы Солтүстік полюске сәтті ұшу жасады. Көрсеткен ерлігі мен жоғары ұшу шеберлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1989 жылы ол әлемде алғаш болып МиГ-29К палубалық жойғыш ұшағын авиатасымалдаушы крейсерге қондырды. Кейін осы ұшақтың палубадан трамплин арқылы алғашқы ұшуын жүзеге асырды. Бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енді. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен тарихи ғарыш сапарын жасап, ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық атанды. Ол орбиталық стансада 7 тәулік 22 сағат 13 минут болды.
Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы қоғамдық қызметпен белсенді айналысып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, әскери қызметтің беделін арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді.


